Бірлестіктің белсенді жұмысы
Гимназиямызда жыл сайын ҚР тілдер мерекесін атап өту үрдіске айналған. Бұл ізгі шараның ана тіліміздің мәртебесі мен мерейін үстемдетіп жатқаны бәрімізге аян. Алтын ұямызда биыл да осы өнегесі мол мерекені атап өту бақытына ұстаздар ұжымы мен оқушыларымыз ие болды. Онкүндік қыркүйектің 16 мен 26 аралығында үлкен салтанатпен атап өтілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігінің ұстаздары әдеттегіше, өз білімдері мен шығармашылық потенциалдарын жоғары деңгейде көрсете білді. Онкүндік салтанатты саптамамен ашылды. Саптаманы қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігінің әдіскері Шинибекова Ш. О. ашты. Гимназия оқушылары өздерін жан- жақты білімпаздығымен сүйсінтті. Үштілділік аясында оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ғана емес, француз, неміс тілдерінде де сауаттылық деңгейлерінің жоғары екенін дәлелдеді. Осыған дәлел ретінде бірлестік ұстазы Нархозиева Жанар Хусанқызының 5 сынып оқушылары арасында өткізген «Тіл- ұлы байлық» атты жарыс сабағын айтуға болады. Оқушылар қазақ тілінде бірнеше бөлімнен тұратын сауалдарға сүрінбей жауап берді. Өз ойларын толық жеткізді. Командалық жарыс тартымды әрі қызықты өтті.
Мұғалім Абилова Әлия Бақытбекқызы 4 сынып оқушыларын ұйымдастырып «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты әдеби кеш өткізді. Кеш барысында оқушылар бар өнерлерін көрсетті. Олар ән айтып, би билеп, жыр шумақтарынан шашу шашты. Сонымен қатар «Мақта қыз» атты сахналық көріністі де көрермен назарына ұсынды.
«Үштілділік- заман талабы» атты тақырыпта 9 сынып оқушылары арасында мұғалім Абутаева Қарлығаш Дүйсембайқызы дебат өткізді. Пікірталас басталған сәттен- ақ қызықтылығымен баурап алды. «Ақиқат» пен «Парасат» деп аталатын екі топқа бөлініп, бар білімдерін, үштілділік туралы тұшымды пікірлерін ортаға салды. «Ақиқат» тобы- үштілділікті қатар меңгеру- заман талабына сай, болашақта тіл білмейтін халық тарих сахнасынан жоғалып, жаһандану үдерісінің құрбаны болады деп пайымдаса, «Парасат» тобы- тек өз ана тілімен ғана ұлттық сана ұлғайып, 12 жастан бастап басқа тілдерді меңгеруді қолға алғанда ғана мемлекет биіктен көрінеді деп өз ойларымен бөлісті.
Пікірталас кезінде жанкүйерлер қауымы да қапы қалмады. Олар топ ұрандары жазылған плакаттарымен қолпаштап, қойылған сауалдарға жауап беріп отырды.
Онкүндік аясында өткен іс- шаралар өте тартымды, қызықты болды. Осы ретте гимназиямызда әр жұма сайын эфирге шығып отыратын «Ұшқын» радиоторабының жұмысын айтпай кетпеуге болмайды. Радиодан гимназия жаңалықтары,қазақ музыкасы, еліміздегі айтулы шаралар туралы хабарламалар беріліп тұрады. Радионың редакторы, болашағынан зор үміт күттіретін жас маман- Жаңбыр Заманбек Өмірсерікұлы. Дикторы- Таджигалиева Сарбиназ Маратқызы. Радиомен қатар «Қазақша сөйлейміз» атты тіл үйрену бұрышы гимназиямыздың төрінен орын алған.